26
март
2018
Өнері мен тапқырлығы үйлескен сыныптас дос
Өнері мен тапқырлығы үйлескен сыныптас дос
Мектеп табалдырығын кеше ғана аттаған кішкене бүлдіршін едік. Бүгін міне, арада 10 жыл өтіп, 10-сыныпқа да келіп қалдық. 10 жыл бір- бірімізді танып, жақсы дос болуымызға үлкен мүмкіндік берді. Мектеп бір мемлекет болса, бір сынып сол мемлекетте өмір сүретін бір отбасы тәріздес. Отбасының да, мемлекеттің де мықты, берік болуы үшін татулық пен бірлік, ауызбіршілік қажет. Мен мұндай отбасының қатарына өз сыныбымды жатқызар едім. Себебі осы уақытқа дейін бір байқағаным, менің сыныбым мектептегі ең үздік сынып екен. Сыныпта барлығы - 22 оқушы бар. Оның 14-і қыз, 8-і ұл. 22 оқушы 22 түрлі өнерге ие. Қысыл-таяң сәтте қолдау көрсетіп, әрдайым жаныңнан табыла біледі. Қиындыққа тап болғанда да еш мойымаймыз. Себебі әрдайым қол ұшын созатын достарымыздың бар екенін білеміз. Өмірде осындай жандардың болуы өте маңызды. Солардың бірі, бойына түрлі өнерді жиған сыныптас досым- Сағындық. Сағындық ақылды, байсалды, сабырлы, мейірімді, адамгершілігі мол адам. Оған қандай мақтау айтсаң да жараса кетеді. Қашан көрсең көңілді жүреді. Өзгелердің көңілін қалай аулауды да біледі. Мектепте қандай мереке болсын белсене атсалысады. Кішкентай кезінен бастап қолөнерге бейім болып өсті. Қолынан түрлі-түрлі бұйымдар шықты. Әр туындысының өзіндік бір мән- мағынасы бар. Біз оның жасаған бұйымына тек мүсін деп ғана қарамаймыз. Оның қандай да бір жақсылықты насихаттай жасалғанын түсінеміз. Сағындықтың арқасында мектепаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жатамыз. Мектепте «Күзгі балл» ұйымдастырылған кезде Сағындықтың жаңаша қырларын тани түстік. Бұл жолы ол бізді тек қолөнерімен ғана емес, актерлық және бишілік қабілетімен таң қалдырды. Ата- бабамыз жігітке жеті өнер де аз деген мақалды бекер айтпаған-ды. Мерекеде сыныбымызды бір патшалық ретінде көрсеттік. Өнер сайысында «Күлше қыз» ертегісін қоюды жөн көрдік. Басты рөлді яғни, ханзаданың рөлін Сағындық жақсы сомдап шықты. Қолөнер сайысында өз қолымен Күлше қыздың күймесін, кірпі мен қолтырауынды жасап көрсетті. Сол сәтте неге кірпі мен қолтырауын деп көбісі түсінбей жатты. Сағындықтың жауабы бәріне қатты ұнады. Оның кірпі мен қолтырауынды жасағандағы негізгі мақсаты жақсылық пен жамандық. Ертегідегі Күлбикеге күн көрсетпейтін өгей әпкелері кірпі бейнесін, ал өгей шешесі қолтырауын бейнесін иеленіпті. Кірпіні де, қолтырауынды да көп адамдар жақтырмай жатады. Адамдар да сондай. Жағымсыз қасиеттерді бойына жиған адам ел көңілінен шыға бермейді. Өмірде әрдайым жақсылық атаулысы жамандықты жеңіп шығады. Соңында жақсы мінез, жақсы қылық- адамды көрікті ете түседі деп қорытынды шығарды. Сағындық өзінің осы ақылдылығымен бәрін баурап алды. Өмірде нағыз жігіт деген атқа Сағындық лайық деп айтар едім. Біз сыныбызбен осындай досымыздың барын мақтанышпен айта аламыз.
Советхан Зарина
К.Қазыбаев атындағы ОМ
10 сынып оқушысы